Банкаға жабатын салаттар – ҚЫСҚА АРНАЙЫ ӨТЕ ДƏМДІ САЛАТ ЖАБАМЫЗ » Тіршілік тынысы

Қуырмаш салатын жабайық (фоторепортаж) | Otyrar.KZ

ҚУЫРМАШ САЛАТЫ

«Жаз шанаңды қыс сайла» немесе «Жаздың бір күні қыстың бір айына азық» дейді атам Қазақ. Өнімі мол жаз айларында адамзат баласы қысқа қам жасайды. Бірі қысқы отын жинаса, енді бірі азық-түлік қорын қамдайды. Сондай қамданудың бірі — банкі жабу. Бакні дегенде көз алдымызға түрлі қайнатпалар, тәтті тосаптар мен компот елестейді. Ал солардың арасында салаттың орны ерекше.

Салаттың түрі көп. Негізгі бірнеше түрін әр жердің адамдары сәл өзгертіп, жаба беруі мүмкін. Аты да өзгеше аталып кетеді. Сол салаттың бірі әрі ең көп тарағаны — «Қуырмаш» салаты. Қуырылған салат деп атауға да болады.

Өткен жексенбі күні ауылға бардық. Ұлдар жағы сабан жинасақ, қыздар мен келіндер салат жапты. Биыл анам банкі жабудан демалды. Тек бас-сөз болып жүрді. Бірақ, осы тірліктің ең маңызды сәті — банкі қақпағын өзі жапты. Сол салат жабу сәттерін суретке түсіріп алған едім. Сіздермен бөлісе отырайын.

Салат жабуға қажетті заттар

* 10 келі қызанақ
* 3 келі сәбіз

* 2 келі баклажан
* 2 келі болгар тәтті бұрышы
* 1 келі пияз
* 300 грамм сарымсақ
* 700 грамм өсімдік майы (тұшығаны)
* Қажет болса, 2 келі орамжапырақ та қосуға болады
* Шыны банкілер
* Шағын тақтайлар, өткір пышақтар, ет тартқыш, үлкенді-кішілі ыдыстар

Салатқа қажетті көкөністі сатып алсаңыз да болады. Күзге қарай арзандап қалады. Дегенмен, өз бақшаңыздағы өнімді пайдаланғанға не жетсін?!

Сонымен, бастаймыз. Ең алдымен, «Бісмиллә» деп алайық. Онсыз болмайды. Жиналған көкөністерді жақсылап жуып аламыз. Арасында шірігендері, езілгендері болса, алып тастау керек.

Содан кейін ең бірінші баклажанның қабығын аршимыз. Себебі, бұл көкөністің ащы дәмі болғандықтан, өзге жұмыстарды бастамай тұрып, тездетіп турап, тұзды суға бастырып қою керек. Сонда жағымсыз дәмі кетеді. Әйтпесе, жапқан банкі атылып та кетуі мүмкін. Осы тұста кейбір үй бикелері салаттың осы түріне баклажан да қоспайтынын айта кету керек.

Туралған баклажанды терең ыдыс, мысалы, кастрөлге салып, үстіне тұзды су құямыз. Сосын ауыр затпен бастырып қою керек.

Осыдан кейін өзге көкөністерді жуамыз. Әрқайсын бөлек шараға саламыз. Келесі жұмыс — тәтті болгар бұрышын турау. Алдымен сабағы мен өзегін алып тастаймыз. Содан кейін 4 бөлікке бөліп, майдалап турау керек.

Ұзыншалап тураймыз

Осы кезде өзге адамдар сәбізді, пиязды майдалап турай береді. Адам саны аз болса, болгар бұрышынан кейін турайсыз. Сарымсақты да ұмытпаймыз.

Сарымсақты аршып, майдалап тураймыз

Бұл жұмыстар аса қиын емес. Ең ұзақ әрі мұқият атқарылатыны — қызанақ. Оны жуып, екі немесе үш бөлікке бөлеміз (қалауыңызша). Содан кейін еттартқыштан өткізу керек.

Қызанақты қалауыңызша екі немесе үш бөлікке бөліңізОдан кейін еттартқыштан өткізу керек

Осы жұмыстар аяқталған соң қазан-ошақты дайындаймыз. Мүмкіндігінше кәдімгі дала отын пайдалану керек. Газға піскен салатта далада піскен салаттағыдай дәм болмайды. Жерошаққа қойылған қазан жақсы.

Жазда асхананың іші ысып кететіндіктен, биыл темір ошаққа пісірдік. Көктемде жасатқанбыз. Қазанның үлкенірек болғаны жақсы. Кемі 30-40 литрлік. Бірақ, аса үлкендері де қолайсыздық туғызады.

Темірден жасалған ошақ пен 30 литрлік қазанОтты үзбей жағу керек

Алдымен қазанның астына от жағамыз. Тезек және ағаш отын кезегімен жағылады. Екеуі де керек. Қазан қызған соң өсімдік майын құямыз. 1-2 минуттан соң пияз саламыз.

Шамамен 700 грамдай май құямызЕң бірінші пияз салып, қуырып аламыз

Осыдан кейін туралған көкөністерді кезегімен сала береміз. Ескеретін жайт — әр көкөністі салған соң 3-4 минут жеке-жеке қуыру керек. Олар майда біраз жұмсаруы тиіс. Бәрін бірден салсаңыз, шала қуырылады.

Пияздан кейін сәбізді қуырамызОдан кейін — баклажан

Осы жұмыстармен қатар міндетті түрде бір адам банкілерді залалсыздандырып жатады. Яғни, стерильдеу. Ол үшін газ жағып, үстіне шәугімге жартылай су құямыз. Ішіне банкінің қақпақтарын салып, қайнатамыз. Ал банкінің өзін шәугімнің ішіне түсіп кетпейтіндеп етіп, аузына қоямыз. Су қайнап, банкінің іші булануы тиіс. Бұл — аса маңызды жұмыс.

Банкі булауШәугімнен алған банкані қақпағын жауып, таза жерге қоямыз

Бұл уақытта салатымыз қуырылып жатыр. Кезек болгар бұрышына келді.

Қазанға болгар бұрышын саламызМұқият араластырып, қуырамыз

4-5 минут өткен соң шара толы қызанақты алып келіп, қазанға құямыз. Шараны, ләжі болса, ер адамға көтертіңіз. Себебі, ауыр.

Енді қазанның астына үзбей, біркелкі от жағып, кемінде 45 минут қайнатамыз. Осы уақыттың бәрінде от үзілмеуі тиіс. Бұл үшін тезек жақсы. Ол жайлап, үзбей жанады.

Тиісті уақыт өткен соң қазан-ошақтың қасына үстел әкеліп, үстіне стерильденген банкілерді тасу керек. Дайын салатты ожаумен құямыз. Шыны ыдыстың ернеуінен асырып жібермеу керек. Бұл жерде тәжірибе аса маңызды.

Ең маңызды жұмыс — банкінің қақпағын бұрау. Мұны біздің үйде мамам істей алады. Анамның белі шыдамай кеткенде әкемнің аздап бұрайтыны бар. Оған мол тәжірибе керек. Айтып, үйреткенмен, алып кету оңай емес. Жылдар бойы қайталап жасай бергеннен кейін ғана қол үйренеді.

Жауып болған соң банкілерді қараңғылау жерге жинау керек. Алғашында төңкеріп жинаймыз. Осы кезде қақпақтың жан-жағынан су ақпауы тиіс. Бұл — банкінің мұқият жабылғанының белгісі.

Банкілер осылайша ертеңіне кешке дейін тұрып, содан кейін қарай оң қаратып қоямыз. Тағы бірнеше күннен кейін жертөлеге жинай беруге болады. Ас болсын!

Сөз соңы. Бұл жолы жоғарыда айтылған өнімдердің барлығынан 18 литр салат жасалды. Екі литрлік 9 банкі. Осыған қарап, жабатын салаттың көлемін шамалай беруге болады.

2014 жыл, 3 қыркүйек. «Оңтүстік Рабат» газеті, № 36

kz.otyrar.kz

Қысқа арналған салаттар

Қысқа арналған салаттар

Жаз мезгілінде демалып қана қоймай, қыстың қамын ойлағанымыз жөн. Қазірден бастап тосап пен түрлі салат дайындап қоятын болсақ, қыста рахаттана отырып жейтін боламыз. Осыған орай, назарларыңызға қысқы салаттарды ұсынуды жөн көрдік.

1. Қызанақ, баялды және бұрыштан жасалған салат

Қажет азық-түліктер:

— 1,5 кг қызанақ;

— 1,5 кг баялды;

— 700 г болгар бұрышы;

— 500 г сәбіз;

— 6 мл өсімдік майы;

— 1 бас сарымсақ;

— 5 г қант;

— 30 г тұз;

— ащы бұрыштың 1/3 бөлігі.

Дайындалуы:

Қызанақты еттурағыштың көмегімен майдалаймыз. Қалған көкөністерді үлкен етіп кесеміз. Кесілген баялдыны тұздаймыз. Сарымсақты майдалап тураймыз. Қазанға өсімдік майын құйып, бәдіні қуырамыз. Арада 15 минут өткен соң бұрыш пен сәбізді саламыз. Мұны тағы 10 минут қуырамыз. Тұз бен қант, томат салып, 45 минут бұқтырамыз. Соңында сірке қышқылын, сарымсақты және ащы бұрышты қосамыз. Дайын болған салатты банкілерге салып, сыртын орамалмен жабамыз.

2. Кәді мен баялдыдан жасалған салаттар

Қажет азық-түліктер:

— 500 г баялды;

— 500 г кәдіш;

— 500 г болгар бұрышы;

— 500 г сәбіз;

— 700 г қызанақ;

— 100 г сарымсақ;

— 50 г 9 пайыздық сірке қышқылы;

— 150 г өсімдік майы;

— 100 г қант;

— 35 г тұз қажет.

Дайындалуы:

Баялдыдан өзге көкөністің барлығын тазалаймыз. Сарымсақты дөңкелектеп тұрап, сәбізді үккіштен өткіземіз. Кәді мен баялдыны үлкен етіп кесеміз. Бұрыштың дәнектерін алып, оларды да үлкенірек етіп тураймыз. Сірке қышқылы мен майды, тұз бен қантты бөлек ыдысқа салып, 3 минут көлемінде қайнатамыз. Осы қоспаны көкөністердің үстіне құямыз. Артынша барлығын 40 минут бойы бұқтырамыз. Салатымыз дайын!

3. Орамжапырақ салаты

Қажет азық-түліктер:

— 5 кг ақбас орамжапырақ;

— 1 кг сәбіз;

— 1 кг пияз;

— 1 кг қызыл болгар бұрышы;

— 0,5 л сірке қышқылы;

— 0,5 л өсімдік майы;

— 350 г қант;

— 4 ас қасық тұз.

Дайындалуы:

Орамжапырақ, пияз, бұрыш үшеуін тураймыз. Ал сәбізді үккіштен өткіземіз. Барлығын қатты күш салмай араластырамыз. Үстіне сірке қышқылы, қант, тұз, өсімдік майын қосып, жақсылап араластырамыз. Арада үш күн өткен соң банкіге салып, тоңазытқышқа саламыз. Бұл салат әдетте ұзақ мерзім бойы сақталады. Астарыңыз дәмді болсын!

massaget.kz

«ЛЕЧО» салатының өте дәмді 5 ТҮРЛІ рецепті

ЛЕЧО салатын жасауды білесіз бе? Егер ұмытып қалған болсаңыз, біз ұсынған мәзірлерді қараңыз.


Дәл қазір көкөніс бағалары арзандап, самсап пісіп тұрған шағы. Ал, қысқа дайындық жасап, «банка жауып алу», әрине, әйелдердің жылдағы үйреншікті шаруасы. Алайда бүгінгінің балалары не берсең соны жей бермейді. Таңдап, талғап барып дәмін көреді. Сондықтан да қыстық салаттардың да «дұрысырағын» жабу керек.

Сондықтан да өзі дәмді әрі тәтті, балалар сүйіп жейтін лечо салатын жасаудың түрлі әдістерін үйреніп алыңыз.

Болгар бұрышы мен қызанақтан жасалған лечо


Қажетті өнімдер

  • 2 келі қызанақ
  • 100 мл өсімдік майы
  • 100 гр. қант
  • 1-2 ас қасық тұз
  • 3 келі болгар бұрышы
  • 10-15 түйір ірі қара бұрыш
  • 9 пайыздық 1 ас қасық сірке суы

Дайындалуы

  1. Қызанақты еттартқыштан өткізіп, қазанға құйыңыз. Сосын өсімдік майын, қант пен тұзды салып, араластырыңыз. Отқа қойып, 20 минуттай қайнатыңыз.
  2. Осы уақыт өткен соң ірілеп туралған болгар бұрышын саласыз. Қақпағын жауып тағы да 20 минуттай қайнатасыз. Ірі қара бұрыш пен сірке суын құйып, 5 минут қайнатыңыз. Дайын салатты зарарсыздандырылған банкаларға құйып, жауып ала бересіз.

Тағы да оқыңыз:

Қарбыз бен қиярдан СУПЕР салат

Қияр қосылған ЕРЕКШЕ лечо


Қажетті өнімдер

  • 1 келі қызанақ
  • 1 келі болгар бұрышы
  • 100 гр. қант
  • 1-2 ас қасық тұз
  • 100 мл өсімдік майы
  • 2-3 тіс сарымсақ
  • 2 келі қияр
  • 100 мл алма сірке суы

Дайындалуы

  1. Еттартқыштан өткізілген қызанақ езбесіне туралған болгар бұрышын, қант пен тұз, май, майдаланған сарымсақты салып, жақсылап араластырыңыз. Сосын отқа қойып қайнатасыз. Қақпағын жауып, жай отта 15 минут қайнатыңыз.
  2. Қиярды дөңгелектеп тураңыз. Егер қияр ірілеу болса ортасынан бір бөліп жіберуге болады. Туралған қиярды қазанға салып, сірке суын құясыз. Араластырып, қақпағын жауып, тағы да 15 минуттай қайнатасыз.

Кәді қосылған лечо

Қажетті өнімдер

  • 1 кг болгар бұрышы
  • 1 кг кәді (кабачок)
  • 2 кг қызанақ
  • 200 мл өсімдік майы
  • 100 гр. қант
  • 1-2 ас қасық тұз
  • 3 тіс сарымсақ
  • 100 мл алма сірке суы

Дайындалуы

  1. Болгар бұрышы мен кәділерді ірілеп тураңыз. Егер жас әрі балғын кәділерді пайдаланатын болсаңыз, онда тазалаудың қажеті жоқ. Ал, ірілеу кәділер болса қабығын аршып, дәндерінен тазартасыз. Сөйтіп текшелеп турайсыз.
  2. Қазанға еттартқыштан өткізілген қызанақ езбесін құйып, 5 минуттан соң көкөністерді салыңыз. Қақпағын жауып, қайнатыңыз.
  3. Сосын майды, қант пен тұзды салып, 15 минут қақпағын ашпай жай отта қайнату керек. Ал, салат дайын болуға 5 минуттай уақыт қалғанда майдалап туралған сарымсақты, сірке суын қосуды ұмытпау керек.

Баялды қосып дайындалған лечо

Қажетті өнімдер

  • 2 кг қызанақ
  • 50 гр. қант
  • 1-2 ас қасық тұз
  • 50 мл өсімдік майы
  • 1 ас қасық 9 пайыздық сірке суы
  • 1 кг болгар бұрышы
  • 1 кг баялды (баклажан)

Дайындалуы

  1. Қызанақтарды еттартқыштан өткізіп, қазанға құйыңыз. Оған өсімдік майы мен қантты, тұзды салып, сірке суын қосыңыз. Сөйтіп қайнатыңыз.
  2. Болгар бұрышы мен баялдыны текшелеп әрі ірілеп турап, қайнап тұрған ыдысқа саласыз. Барлығын бір араластырып, қақпағын жауып қойыңыз. 10-15 минут қайнаған соң, салат дайын болады.

Сәбіз бен пияздан дайындалған лечо


Қажетті өнімдер

  • 2 кг қызанақ
  • 150 мл өсімдік майы
  • 100 гр. қант
  • 1-2 ас қасық тұз
  • 9 пайыздық 1 ас қасық сірке суы
  • 500 гр. сәбіз
  • 1 кг болгар бұрышы
  • 300 гр. пияз

Дайындалуы:

  1. Еттартқыштан өткізілген қызанақ езбесін ыдысқа құямыз. Отқа қойып, май, қант, тұзды саламыз. Сірке суын құйып, қайнатамыз. Қайнаған соң ірі үккіштен өткізілген сәбізді саламыз. Сөйтіп 15 минут қайнату керек.
  2. Содан соң ірілеп туралған болгар бұрышы мен пиязды салыңыз. Лечоны тағы да 20 минут қайнатамыз. Дайын салатты банкаларға құя беруге болады.

Әзірлеген: Майра Сейфуллина,

ERNUR.KZ

Тағы да оқыңыз:

Қарбыз бен қиярдан СУПЕР салат

Банан қосылған нан: ДӘМІ ТІЛ ҮЙІРЕДІ

Үйде дайындаймыз: ШІЛДЕДЕ шөл басатын ШАЙДЫҢ екі түрі

ernur.kz

Банкі жабудың 15 түрлі құпиясы

Банкі жабудың 15 түрлі құпиясы

«Қыстың қамын жаз ойла» демекші, банкі жабудың науқаны басталып та кетті. Себебі, үй жағдайында жасалатын салат пен тосаптың дүкен салаттарымен салыстырғанда дәмді, сапасы өте жоғары болады. Алайда мұндай өнімдерді ұзақ сақтау үшін олардың қақпағын дұрыс таңдап және жабу жолдарын білу керек. Ал қазіргі таңда банкі жабатын қақпақтар қатары металдан, полиэтиленнен немесе бұрап жаба салатын темір материалдардан жасалған. Сондықтан да банкімен жабылатын өнім осы қақпақ түрлерімен сай келуі қажет. Ендеше назарларыңызға банкі жапқанда қажет болатын төмендегідей ережелерді ұсынамыз.

1. Арнайы құралмен жабылатын қақпақты қайнап тұрған суға салып 3-4 минут қайнатады. Сосын банкі бетіне қойып, бұрап жабады. Ал жабылған банкілерді әбден суығанша қақпағын төмен қаратып төңкеріп қояды.

2. Полиэтилен материалдан жасалған қақпақты қайнап жатқан суға салып 5 минут қайнатады. Содан соң ыстық күйінде банкіге кигізеді. Суыған соң ыдысты төңкеріп көру керек. Егер қақпақ дұрыс киілсе қақпақ ортасы кішкене ішке түсіңкіреп тұрады.

3. Өзін бұрап жаба салатын қақпақ полиэтилен қақпақ секілді қайнатылып жабылады. Ал мұндай қақпақпен жабылатын банкі бұрандалы болу керек. Ал осы қақпақ түрлерімен жабылған банкілерді ашқанда тық еткен дыбыс шығу керек.

4. Банкі қақпақтарын суға емес микротолқынды пешке салып ысытса да болады. Ол үшін қақпақты жоғарғы ыстығына 2 минутқа ғана қояды.

5. Банкілерді қайнап жатқан ыстық суға қойып 2-3 минуттан булап залалсыздандырады.

6. Жұмыс тез біту үшін көлемі үлкен манты пісіретін (мантаварка) кастрөлге суды толтыра құйып қайнатады. Сосын бір табағына сыйғанынша банкілерді қатарластыра орналастырып, қайнап жатқан су үстіне 5-6 минутқа қояды.

7. Салат өнімдерін жапқанда қақпақ қана емес банкінің те таза жуылып, дұрыс залалсызданғанын және аузы бүтін болғанын қадағалау қажет. Себебі кішкене болсын ауыз бөлігінде сынығы бар банкіге жабылған өнімдер ашып, жарамсыз болып қалады.

8. Полиэтилен немесе бұрап жабатын қақпақтар және ауыз бөлігі сынған банкілерге салаттан гөрі тәтті тосаптарды жапса болады.

9. Тосапты банкіге құйып жабар алдын прагментті қағазды араққа малып бетіне қойып, сосын қақпағын жапса ұзақ уақыт сақталады.

10. Жабылған тосаптардың 1 жылдан артық сақтау үшін салқын әрі құрғақ жерде ұстайды.

11. Егер жапқан тосап бірнеше күннен соң атылып кетсе, беткі бөлігін алып тастап, әрбір литріне 1 стақан қант салып қайнатып, бетіне шыққан көпіршігін қайта-қайта алып, көпіршігі таусылғанша қайнатып, қайта құйып жабуға болады.

12. Нәрсуға (компот) алдымен әр 1 литр суына 20 гр қант салып шәрбат (сироп) дайындалады. Дәмі әдемі болу үшін шәрбатын 1-2 күн бұрын дайындап тоңазытқышқа салып қою қажет.

13. Қышқыл жемістерден жасалған нәрсу дәмі әдемі, иісі керемет болу үшін 2-3 ас қасық ақ шарап құйып жабады.

14. Тосап түсі әдемі, сақталу мерзімі ұзақ болу үшін сырлы ыдыста қайнатады.

15. Кез келген салат бетіне тазаланған өсімдік майын 1 ас қасықтан құйып жапса, дәмі керемет, сақталу мерзімі ұзақ болады.

massaget.kz

​Лечо салатын жасаудың өз әдісі бар

Лечо салатының дайындалу тәсілдері өте көп. Мына мәзір бойынша жасап көрсеңіз де болады.

фото: chastnosti.com

Лечо өте дәмді салаттардың бірі. Болгар бұрышы мен қызанақтан дайындалатын лечо салатын әзірлеу де қиын емес. Қыс мезгілінде дастарханның сәнін келтіріп, тағамның дәмін аша түсетін салатты дәл қазіргі уақытта қайнатқан өте тиімді.

фото: pinimg.com

Қажетті өнімдер:

  • 2 кг қызыл болгар бұрышы
  • 1 кг қызанақ
  • 7-10 тіс сарымсақ
  • 4 дана пияз
  • 2 бума аскөк
  • 1 стақан өсімдік майы
  • 1 шай қасық ұнтақталған қара бұрыш
  • ½ стақан қант
  • 1 ас қасық 9%-дық сірке суы
  • 1 шай қасық ұнтақталған ащы бұрыш.

Дайындалу тәсілі:

Қызанақ пен болгар бұрышын тазалап жуып, бірнеше бөліктерге бөліп турайсыз. Қызанақты еттартқыштан өткізесіз.

Пиязды аршып, тазалап жуып, дөңгелектеп турау қажет. Содан соң қазанға май құйып, қыздырыңыз. Пиязды салып, қуырасыз.

Пияз біраз қуырылғаннан кейін еттартқыштан өткізілген қызанақты құйыңыз. Дәміне қарай тұз салып, 15-20 минут қайнатылады. Үнемі қозғап отыруды ұмытпау керек.

Осы уақыт өткеннен кейін туралған болгар бұрышын салып, 5 минут қақпағын жауып бұқтырасыз. Сосын 10 минуттай қақпағын ашып қайнатқан дұрыс. Арасында салатты қозғап қою керек.

Енді сарымсақты аршып, майдалап турап, салатқа салыңыз. Артынша сірке суы мен қантты қосып, тағы да 15-20 минут қайнату қажет.

Соңында ащы бұрыш пен қара бұрышты, майдалап туралған аскөкті салып, жақсылап араластырыңыз да, 10 минут бұқтырыңыз. Сонда дәмді лечо салаты да дайын болады.

Сәбіз қосылған лечо


фото: pojrem.ru

Қажетті өнімдер:

  • 400 гр. болгар бұрышы
  • 150 гр. сәбіз
  • 1 дана ірі пияз
  • 700 мл. қызанақ шырыны
  • Тұз, бұрыш.

Дайындалу тәсілі:

Тәтті болгар бұрышын ортасынан бөліп, дәндерінен тазартамыз. Тазалап жуып, болгар бұрышының жарты бөлігін тағы да төртке бөліп шығамыз.

Ең алдымен қазанға болгар бұрышын саламыз. Болгар бұрышын шамалы қыщарғанша қуырып, артынша қызанақ шырынын құясыз. Қақпағын жауып, қайнағанша басқа қоспаларды дайындай беруге болады.

Сәбізді аршып, текшелеп тураймыз. Сөйтіп қазанға салып жібереміз. Сонымен қоса, лавр жапырағын, жебіршөп пен насыбайгүллді, қара бұрышты қосу керек. Салатты осылайша 30 минуттай қайнатады. Дайын салатты дастарханға ұсына беруге болады. Астарыңыз дәмді болсын!

Дайындаған: Құрманкүл Өмірзаққызы,

ERNUR.KZ

Тағы да оқыңыздар: Мына асханалық қулықтар әйелдердің жүйкесіне әсер етпейді


Күнжітке аунатылған балық жеп көрдіңіз бе?

Қызанақты маринадтаудың бір әдісі

ernur.kz

Банкі жабудың қыр-сыры

Күн суытқанда тұздалған, қытырлақ қияр мен қызанақты, түрлі салат пен компот, шырынды ішкенді әркімнің жаны сүйетін шығар. Қысқа азық дайындау кезеңі әлі аяқталған жоқ. Алайда, тағамдарды дәрумендерін сақтап, дұрыс жасаудың әдіс-тәсілдерін білу маңызды. Осыған орай Tengrinews.kz тілшісі үй шаруасына да, жұмысқа да уақыт тауып жүрген аналардан консервілеудің құпиясын білуге тырысты. 

Алматы тұрғыны Гүлназ Қожахметованың үйінің ауласында үлкен бақ бар. Онда алма, алмұрт, өріктің бірнеше түрі мен жидектер, сонымен қатар, үй ішіне жетерліктей көкөністерді өсіреді. Ал күз бастала салып қыстың қамына кіріседі. Айтуынша, қысты дәмді лечо, тұзды қияр мен қызанақ, шырынсыз елестете алмайды. Балалары да оларды сүйсініп жейді екен. 

«Екі балам бар. Қысқа дайындықты жаздың соңы мен күздің басында бастаймын. Бұл мезгілдерде жеміс-жидектің түр-түрін табасың ғой. Алайда ол қыста қиынға соғады, бағасы да шарықтап кетеді. Ал дастарханың толып тұрғанын қалайсың. Сондықтан жеміс-жидек, көкөністер өнім бергенде отбасымызбен қысқа дайындықты бастаймыз. Жұбайым мен балам алма-алмұрттарды жинап, жақсыларын сақтауға қалдырып қояды. Ал қызыммен бұзылып кетеді-ау дегендерін дереу өңдеп, кесіп, тазалап алдымен компот қайнатып тастаймыз. Жемістерді сақтау мәселесін әлі дұрыс меңгере алмай келсек те, олар жаңа жылға дейін жетеді. Биылға 15-20 банкі компот қайнаттым. Қысқа жетіп қалар. Шырын да жасайдым. Ол бір үрдіске айналды. Қалдығы көп болғанымен дәмі тіл үйіреді. Есесіне өзің табиғи, таза өнім жасап шығасың. Отбасымызбен сүйіп ішеміз», — дейді ол. 

«Жиналған өнімді өңдеу де оңай шаруа емес, ұзақ уақытыңды алады. Бірақ, қыста азығың көп болсын деп, күзде жинағаныңның барлық пайдалы қасиетін жоғалтпай, қандай түрде сақтасам болады деген ой келеді. Мен әдетте жидектерді қатырып қоямен. Оларды қатты күйінде, керек жағдайда тазалап жуып, кептіремін. Кейін ыдысқа немесе целлофанға салып мұздатқышқа салып қоямын. Әдетте, таңқурай, құлпынай, қарақат сияқты жидектерді өңдеусіз-ақ сақтауға болады. Ал қыста сол күйінде, я болмаса шәйға қосып немесе компот қайнатып ішуге болады. Ал ең бастысы, осы сақтау әдісімен жеміс-жидектердің барлық дәрумендерін сақтап қалуға болады. Осылайша балаларымның да имундық жүйесі берік болады», — дейді ол.   

Қыста дастарханды түрлі салат, дәмдеуіштерсіз елестету қиын-ақ. Оны кеңес үкіметінен қалған нәрсе деп те қабылдайтындар бар. Алайда,

Гүлназ Қажахметованың айтуынша, дәмдеуіштерді сатып алғанша, қолдан жасаған жақсы сезім береді, тіпті дәмі де ерекше болады. Қазір өзінің білетін мәзірін қызына да үйретеді екен. Ол тілшімізге лечо дайындаудың қыр-сырын әңгімеледі. 

Лечо дайындау арнайы қабілетті талап етпейді, ал оның дәмі ең талғампаз адамды бей-жай қалдырмайды. Күзде жинап алған немесе сатып алған көкөністерден көптеген дәмді тағам мен консервіленген салаттар жасауға болады.

Лечо венгердің дәстүрлі тағамы, оны дайындау көптеген қазақстандыққа үйреншікті жағдай шығар. Түсінгенім, ең бастысы көкөністің сапасы жақсы болуы керек екен. Себебі, екінші сұрыпты өнімдер соңғы нәтижеге кері әсерін береді. Сондықтан жыл сайын лечоға жақсы піскен көкөністерді қолдануды тырысамын.  Лечоны көп қайнатудың да қажеті жоқ. Бұрыш кішкене қатты болуы керек, сол кезде тағам дәмді болып шығады.  Хош иісті шөптер лечоға ерекше дәм береді. Қызанақ пен бұрыш ақжелкен, райхан, майоран және тимьян секілді шөптермен үйлесімін табады. Ең қызығы, оларды жаңа кезінде емес, кептірілген күйде қолданса, салат жақсы сақталады.  Қызанақ етті болған сайын, лечо дәмді бола түседі. Ал бұрыштың көгін де алса болады. Ол керісінше лечоға түр береді.  Негізінен венгердің лечосында міндетті түрде қызанақ, болгар бұрышы және пияз болады. Бірақ, мен пиязды көп қоса бермеймін. Онсыз-ақ дәмді болады. 

«Жасалған өнімдерді банканы зарарсыздандырмай жайдан-жай құя салсақ, еңбегіңнің бос кеткені. Алдымен банкі мен қақпақтағы микроорганизмдерді жою керек», — дейді Гүлназ. 

«Стерилизацияның кез келген түріне кіріспес бұрын, банкінің мойны сынық емес, қақпаған болуы керек. Алдымен банкілерді ас содасымен және жаңа ысқышпен жуған жөн.  Мен әдетте банканы бумен зарарсыздандырамын. Ол үшін сізде суды қайнатуға үлкен кәстрөл мен үстінде банкі тұратын тор керек. Мен кейде орнына шәугімді де қолданамын. Бірақ мұндайда әр банкіні жеке-жеке тазартуға тура келеді. Ал кәстрөл үлкен болған сайын бірнеше банкіні бірге дайындауға болады. Ал тор тұмшапештікі болса да жарайды. Қақпақтарды ұмытып кетпеу керек. Оны қайнап жатқан судың ішіне салуға болады.  Дайын банкінің сырты өте ыстық болады. Буланғаннан кейін ішінде әдетте ірі тамшылар пайда болады. Қол күйіп қалмауы үшін оны орамалмен алып, таза матаға аударып қоямын. Ал қақпақтарды шанышқымен аламын. Банкі мен қақпақтарға тиіспесе таза күйінде екі тәулікке дейін тұрады деп естігенмін. Бірақ, мен сол кезде-ақ жасап тастауды жөн көремін. Бірнеше күн күтсең екі жұмыс болып кетуі мүмкін. Банкі жаппас бұрын оның іші құрғақ болуы керек. Олар өздігінен кеппесе, тағы бір таза, үтіктелген матаны алып, ішін таза шанышқыға орып сүртіңіз. Қолыңызды салмағаныңыз жөн. Стерилизация жасаудың әдіс-тәсілдері көп, оны бу пешімен немесе мультиваркамен де жасауға болады». 

Ал Гүлнар Майлыбаева қысқа дайындықты жемістің піскен уақытына қарай бастайды. Жазда құлпынай, шие піскенде қазір тосап деп жүрген варенье қайнатып бастайды. Бірақ, биыл қыстың қамына күзде ғана кірісіпті. Ал түрлі салат, лечоның мәзірін көбіне Интернеттен, Youtube хостингінен қарап жасайды екен. Алайда, жылда қайнататын, үйреншікті салаттары да жоқ емес. 

«Биыл әпкем екеуміз 100 банкі кобра, лечо және басқа салаттар жаптық. Оған екі күндей уақытымыз кетті. Дәмдеуіштердің ішінде отбасымызбен сүйіп жейтін салат бар. Оны қызанақ, бұрыш, аскөк, ақжелкен, сарымсақ, ашты бұрыш, қант қосып жасаймыз. Тәтті болып шығады. Жасалған аштылардың жартысын туысқандарға беріп жібердік», — дейді ол. 

Тұздалған қияр мен қызанақтар қыс басталмай атылып кетіп жатады. Үй шаруасымен бұрыннан айналысатын әйелдер де бұл қиындықтармен кездесіп тұрады. Гүлнар Майлыбаева олар атылып кетпейтіндей қалай дайындау керектігін айтып берді. 

«Қиярдың әр түрін тұздай алмайсың. Тек салаттарға қолданылатындары бар. Ал бізге табиғи жолмен өскен, қабығында гүдірі бар қияр қажет. Көбіне жас келіндеріміз қиярды базардан сатып алады, ал олар ылғалдылығын жоғалтқан. Сондықтан үйге алып келген соң бірнеше сағатқа суық суға салып қою керек. Сол кезде балғын қалпына келеді. Оны жасамаса, тұздап болғаннан кейін қияр банкінің ішіндегі суды бойына сіңіреді, бос ауа пайда болады. Ал ол консервіленген өнімнің бірінші жауы», — дейді ол.

Екінші ереже — көкөністі тиянақты жуу керек, дейді кейіпкеріміз. Ол тек сыртындағы топырақтарын тазарту емес, өсіру барысында себілген химикаттардан арылу үшін қажет екен. 

«Банкілер мен қақпақтарды зарарсыздадыруды алмағанда, көкөністерді консервілеу кезінде қышқыл қосса болады. Ол — күшті консервант. Сірке суын көбірек қосқан сайын, қиярды сақтау да оңай болады. Мысалы, 3 литрлік банкіге 9-10 миллилитр сірке суын қосады. Оны лимон қышқылымен ауыстыруға болады. Бір-екі аспирин дәрісін салуға да болады. Сонда қиярлар қытырлақ күйде болады. Ең соңғысы — көкөністерді тығындап салып, аузын берік жабу керек. Ауа кіріп кетсе, істелген жұмыстың бос болғаны. Ал жауып болғаннан кейін дереу тоңазытқышқа немесе жерқоймаға салуға болмайды. Оны бір-екі күнге аударып, сыртын көрпемен немесе матамен орап қою керек. Суығаннан кейін ғана алуға болады», — деп кеңесін берді Гүлнар.

Материалды дайындаған Камила Долаева

aqsholpan.islam.kz

Қыстың қамын жаз ойла | Otyrar.KZ

Үй жағдайында қыстың қамын жасап, қысқа азық дайындау ісіне кірісіп кеткен қыз-келіншектер аз емес. Дегенмен, газет оқырмандарына көмек бергіміз бар. Қысқа арнап «банкі жабу» әдістерін назарларыңызға ұсынамыз.

Банкідегі ет

Бұқтырылған етті жақсы көресіз бе? Әрине, дүкен сөрелерінде сатылатын консервіленген етті жегеннен гөрі үйде, өзіміз дайындаған «тушенкаға» не жетсін.

Қажетті заттар: 

Ет, тұз, қара бұрыш, сірке суы, күнбағыс майы, пияз, сарымсақ пен лавр жапырағы . 

Дайындау әдісі: 

Етті тік төртбұрыш етіп турап, тұз, бұрыш, сірке суын, майдалап туралған пиязды, лавр жапырағын қосып араластырыңыз да бетін жауып 6 сағатқа қоя тұрыңыз. Маринатталған етті 150 градусты газ пешінің ішіне қойыңыз. 45 минуттан кейін, етті алып, бетіне сарымсақ турап, бетін жауып, тағы да 2 сағатқа қоя тұрғаныңыз абзал. Суыған етті банкіге салып, жаба беруіңізге болады.

Банкідегі тауық

Дайындау әдісі:

Тауықты ұнға аунатып, ыстап алыңыз. Іші-сыртын тазалап, ыстық сумен жуыңыз. Ыңғайлы етіп туралған тауық етіне сәбіз, ақжелек, пиязды қосып қайнаған су құйып бұқтырыңыз. Піскен тауық етін сорпадан алып, залалсыздандырылған банкіге салыңыз. Банкінің ішіне лавр жапырағын, 2 дана дөңгелек қара бұрышын қосуды ұмытпағайсыз. Тауықты қайнатқан сорпаны сүзгіден өткізіп, тұз қосып, банкіге құйыңыз да залалсыздандырылған темір қақпақпен жауып тастаңыз. Жабылған банкіні 20-25 минут суда парлап болған соң, суығанша бір бүйірімен жатқызып қойыңыз.

Қызылша тұздығы

Қажетті заттар:

2 литрлік банкі, 8 дана қызылша, 5 дана қызыл болгар бұрышы, 5 дана қызанақ, 1 дана қызыл бұрыш, 1 бас сарымсақ, 5 домалақ қара бұрыш, 1 стакан күнбағыс майы, 1,5 стакан су, 3 ас қасық тұз, 4 ас қасық қант, 0,5 стакан 9% сірке суы керек. 

Дайындау әдісі:

Қызылшаны ұзыншалап турап алыңыз. Сәбізді үккіштен өткізіңіз. Қызыл болгар бұрышын, қызанақ пен сарымсақты да ұзыншалап турап алғаныңыз жөн. Барлығын қазанға салып, жақсылап араластырыңыз да, жәй отта 40 минут бұқтырыңыз. Тұздығыңыз дайын болған кезде, банкіге салып жаба беріңіз. Жабылған банкіңізді аударып, үстіне көрпеше жауып қойғаныңыз абзал.

Маринадталған асқабақ

Дайындау әдісі:

Асқабақты тазалап, төрт бұрыштап кесіп, сәл ғана қайнатып аламыз. Тұздық үшін: суға сірке суын, қант, қалампыр қосып қайнатамыз. Банкіге салынған асқабақтың үстіне құямыз да бір күн бойы тұндырамыз. Екінші күні тұздықты басқа ыдысқа құйып алып қайта қайнатамыз да қайтадан асқабақтың үстіне құйямыз. Бұл әрекетті кемінде төрт күн қайталағаннан кейін банкіні жабуға болады.

Банкідегі болгар бұрышы

Қажетті заттар: 

Тәтті болгар бұрышы (орташа болғаны лазым, әйтпесе банкінің аузына сыймайды), 1 дана үлкен қырыққабат, сәбіз, сарымсақ, бал, су, сірке суы, қант, күнбағыс майы, тұз керек.

Дайындау әдісі:

Болгар бұрышын тазалап, 5 минут қайнатып, суытып қойыңыз. Қырыққабатты майдалап турап, сәбізді үккіштен өткізіңіз де араластырыңыз. 1 тіс сарымсақты үккіштен өткізіп болгар бұрышының әр қайысысының ішіне салыңыз да, бір шай қасық бал қосыңыз. Жоғарыда қырыққабат пен сәбізден әзірленген қоспаңызбен болгар бұрышын толтырыңыз. Жентектелген бұрышты банкіге салыңыз. Үстіне қайнап тұрған тұздықты құясыз да 25 минут залалсыздандырып жауып тастаңыз.

Тұздықты әзірлеу үшін: 1 литр суға 150 гр сірке суын, 200 гр қант, 200 гр күнбағыс майы мен 2 ас қасық тұзды араластырып қайнатасыз.

Банкідегі қарбыз

Қажетті заттар: 

3 литрлік банкі, қарбыз, 7 ас қасық қант, 3 ас қасық тұз, 1 ас қасық 70% сірке суы мен қайнаған су. 

Дайындау әдісі:

Қарбызды банкіге сиятындай етіп турап алыңыз (қабығын ашысаңыз да, ашымасаңыз да өз еркіңізде). Банкіні қарбызға толтырып алған соң ішіне қайнаған су құйыңыз да, 15-20 минуттай күтіңіз. Одан кейін, суды басқа ыдысқа құйып алып, ішіне тұз бен қант қосып 2-3 минут қайнатыңыз. Су қайнап жатқан кезде банкіге сірке суын қосуды ұмытпағайсыз. 2-3 минут қайнаған суды қайтадан банкіге құйыңыз. Банкі жапқышпен жауып тастаңыз да аударып қойыңыз.

Маринадталған сәбіз

Сәбізді кішкентай бөбектер, болашақ және бала емізетін аналар, асқазан, бүйрек, жүрек, қант диабеті ауруына шалдыққан жандардың көбірек пайдаланғаны жөн. Сәбізді маринадтап банкіге жауып, сақтауға да болады. Ол үшін: сәбізді тазалап, 3-5 минут қайнатамыз. Банкіге салып майдалап туралған сарымсақ қосамыз. Әр банкіге 5 дөңгелек қара бұрыш, 3 дана қалампыр, 2 дана лавр жапырағын қосып, үстіне тұздық құясыз.

Тұздық үшін: 1 литр суға 40 гр тұз бен 40 гр қант қосып, 10 минут қайнаған соң, 60 гр сірке суын құясыз. 

Ескерту: Егер банкіңіз 0,5 литр болса – 9, 1 л – 15, 3 л – 20 минут залалсыздан-дырыңыз.

Банкідегі кетчуп

Қажетті заттар: 

Қызанақ, болгар бұрышы, сарымсақ.

Дайындау әдісі:

Жоғарыда аталған-дарды етүккіштен өткізіп алыңыз. Дайын болған қоспаға 1 стакан күнбағыс майын, 1 стакан қант, 2 ас қасық тұз, 2 ас қасық сірке суын, 1 шай қасық қара және қызыл бұрыш қосып, 25 минут қайнатыңыз. Дайын болған кетчупті банкіге құйып, жауып тастаңыз.

Күріш салаты

Дайындау әдісі:

0,5 литр күнбағыс майын ысытамыз. 500 гр туралған сәбіз қосып, 15 минут жай отқа қойып булаймыз. Одан соң туралған 1 кг тәтті болгар бұрышын қосамыз да тағы да 15 минут булаймыз. 1 кг пияз (дөңгелек пішінді етіп тураймыз) қосып тағы 15 минут қайнатамыз. Үстіне 1 кг қызанақ қосып 15 минут қайнатамыз. Одан соң 2 стакан күріш (қайнаған болу керек) қосамыз да тағы да 15 минут бұқтырыңыз да, банкіге салып жаба беріңіз. Салат қайнап жатқан кезде үстіне сірке суын, қант, тұз қосуды ұмытпағайсыз.

Ескерту:

Банкі жабарда тазалық сақтау маңызды. Қолыңыз бен қажетті көкөністеріңізді ағынды таза суда жуыңыз. Банкі мен қақпақты залалсыздандырып алыңыз. Жабылған банкіні төңкеріп, үстін матамен жабуды ұмытпағайсыз.

 

Біле жүріңіз…

— Консервілеуге арналған банкілерді пайдалану алдында жуады. Содан соң ыстық сумен шаяды (дизинфекция үшін). Стерильдеу алдында банкілерді шамалы қыздырып алса, жарылмайды.

— Банкіге салынған жемістер оның жоғарғы ернеуінен 1,5-2 см төмен болу керек. Мұндай кеңістік банкі қақпағының атылып, ашылып қалмауына мүмкіндік жасайды, банкідегі тағам ұзақ сақталады.

— Стерилизациялау. Стерильдеу үшін банкі салатын кең ыдыстың түбіне бірнеше қабаттан мата салып қойған дұрыс. Кәстрөлдегі су стерильдеуге қойған банкі мойнынан 1,5-2 см төмен болу керек. Стерильденген банкіні судан жылдам алып, қақпағын тез жауып, содан соң үстелге төңкеріп қояды. Қаңылтыр қақпақтарды алдын ала содамен жуып, құрғатып сүртеді.

— Консервілеу үшін жеміс-жидек соғылмаған, шірімеген, құрт түспеген, көгеріп, қабықтары жарылмаған болуы керек.

— Егер банкілер мен шөлмектер ішіндегі қоспалардың үстіне күдікті көбікшелер пайда болса, ыдыстардың қақпағы герметикалық (тығыз) жабылмағаны. Ондай жағдайда ыдыс ішіндегі шырынды кәстрөлге құйып қайта қайнатып, таза банкілерге қайта салып, аузын мықтап жапқан дұрыс.

— Бұзылған шырынның иісі әдетте спирт немесе сірке суына ұқсас болады.

— Егер банкідегі нәрсудың (компот) реңі лайланып тұрса, оны ашып, ішіндегіні пайдалануға болады. Ал банкі қақпағы ісінсе немесе атылып кетсе, оның ішіндегіні пайдалануға мүлде болмайды.

— Кез келген нәрсуды бір жылдан артық сақтауға болмайды. Өте күшті дәмі бар жеміс-жидекте адам ағзасына зиян өте күшті синиль қышқылдары болады.

— Консервілерді дымқыл, сызды жерде сақтау қауіпті. Қақпағы тоттанып, консервінің бұзылуы әбден мүмкін.

— Дайын нәрсудың ішіндегі жемістер қарайса, банкі ішінде ауаның қалып қойғаны. Ондай жағдай болмас үшін, жемістерді салар алдында қайнатып, бұқтырып алған дұрыс.

— Нәзік жемістер(алхоры,шабдалы,өрік) езіліп, пішіні өзгермес үшін, шәрбатқа салар алдында 5 минут содалы ерітіндіде ұстағаныңыз жөн(1кг жеміске – 1,5 л суға бір шай қасық ас содасы).

— Жемісті тот баспайтын пышақпен тазаласа, С дәрумені бұзылмайды.

— Шыны ыдыс жарықты оңай өткізеді, сондықтан шыны ыдыстағы шараптың реңі өзгеріп кетеді. Сол себепті шыны ыдыстағы шараптың сыртын матамен, қағазбен орап немесе қараңғы жерде сақтаған жөн.

— Қайнатпа дайындаған кезде кәстрөл ернеуіне жабысқан қантты салқын суға малып алынған шүберекпен сүртіп алған дұрыс.

— Хош иісі жоқ алмадан қайнатпа дайындаған кезде пысық келген нәзік жандыларымыз бір түйір апельсинді қабығымен салып жібереді. Мұндайда қайнатпа салған ыдысты ашқан кезде бөлмені хош иіс алады.

— Қызанақтың қабығын аршу үшін жемістің үстіңгі жағындағы өзегін алып тастап, қайнап тұрған суда бір минут ұстаса қабығы сыпырылып түседі.

— Тағы бір таңданарлық нәрсе, бір қоқысқа тастайтын қарбыз қабығындағы дәрумендер қарбыз жұмсағынан ондаған есе көп екен. Қабықтан тек қайнатпа дайындап қана қоймай, кептіріп пайдаланса, кәдімгі «зәр айдайтын» дәріге айналады екен.

Айжан ЕРМЕКҚЫЗЫ

kz.otyrar.kz

Отправить ответ

avatar
  Подписаться  
Уведомление о